Елімізде үйірлі шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес шаралары толығымен аяқталды

Бүгін ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сәкен Қаныбеков Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сөз сөйледі. Ол өз сөзінде елдің бүкіл аумағында үйірлі шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес шараларының толық аяқталғанын хабарлады.

Химиялық өңдеу жұмыстары 1,8 млн гектар алқапта оңтайлы мерзімде әрі жоғары сапамен жүргізілді, бұл ауыл шаруашылығы дақылдары егістіктерінің зақымдануының алдын алуға толық мүмкіндік берді. Қорғау шараларына 556 бірлік арнайы бүріккіш техника тартылды — бұл өткен жылғы көрсеткіштен 25%-ға артық. Зерттеп-қарау шараларына 3,5 мыңға жуық маман қатысып, фитосанитариялық мониторингті айтарлықтай күшейтті. Өңдеу жұмыстары үшін биологиялық тиімділігі жоғары пестицидтер қолданылды, ал азаматтармен жедел байланыс орнату үшін арнайы call-орталық пен Telegram-канал жұмыс істеді.

Өңірлердегі үйлестіруді тұрақты негізде жедел штабтар қамтамасыз етті.
Соңғы жылдары Үкіметтің қолдауымен қабылданған кешенді шаралардың арқасында зиянкестердің таралу аумағының тұрақты төмендеуі байқалады. 2024 жылы өңдеу алаңы 3,1 млн га, 2025 жылы — 2,7 млн га құраса, бүгінгі таңда ол алаң 1,8 млн га немесе 2024 жылмен салыстырғанда 42%-ға, 2025 жылмен салыстырғанда — 33%-ға төмендеді.

Жоғары тиімділікке материалдық-техникалық базаны нығайту — 103 дрон мен 59 арнайы машина сатып алу, химиялық өңдеу қызметтерін бірыңғай сатып алуды енгізу, арнайы бүріккіш техникалардың жұмыс өнімділігін қайта қарау арқылы қол жеткізілді. Бұдан бөлек, нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізуге арналған «FITOCENTRE» қосымшасы енгізіліп, ТМД елдері келісімі шеңберіндегі өзара іс-қимыл нығайтылды.

Қазіргі уақытта шекаралас аумақтардағы фитосанитариялық жағдай тұрақты, шегіртке тектес зиянкестердің көршілес мемлекеттердің аумағынан жаппай ұшып келу жағдайлары тіркелген жоқ. Өңірлерде жоспарлы фитосанитариялық мониторинг жалғасуда, оның нәтижелері бойынша 2027 жылға арналған қорғау жұмыстарының көлемі қалыптастырылады.

Сөзін қорытындылай келе, Комитет төрағасы мемлекеттік органдардың, шаруалар мен халықтың үйлесімді жұмысының арқасында биылғы шегіртке зиянкестерімен күрес науқаны сәтті аяқталғанын атап өтті.

Комментарии закрыты.