2026 жылдың I жартыжылдығында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және оның алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар туралы ақпарат

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 2 ақпандағы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022–2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын, Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы» заңдарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп нормалары мен мінез-құлық қағидаларын жетілдіру жөніндегі талаптарды іске асыру мақсатында жүргізілді.

Осыған сәйкес облыстық аумақтық инспекциясы басшысының 2025 жылғы 29 желтоқсандағы №109 бұйрығымен «2026 жылға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспары» бекітілді.

2026 жылдың I жартыжылдығында облыстық, қалалық және аудандық аумақтық инспекцияларда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында барлығы 799 іс-шара өткізілді. Оның ішінде:

  • 482 жалпыға бірдей құқықтық оқу сабағы;
  • 400 мемлекеттік инспекторлармен жеке әңгімелесу;
  • 51 семинар-кеңес;
  • 32 «дөңгелек үстел» форматындағы іс-шара;
  • 89 «Instagram» әлеуметтік желісіндегі жарияланым;
  • 6 «Antikor Life» жобасы аясындағы баяндама;
  • 7 бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақала.

Облыстық аумақтық инспекциясында өсімдіктерді қорғау, өсімдіктер карантині, астық және асыл тұқымды мал шаруашылығы салалары бойынша ұйымдастырылған семинар-кеңестерге прокуратура органдарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қарағанды облысы бойынша департаментінің өкілдері қатысып, қолданыстағы заңнамалардың талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің ақпараттық-ағартушылық пулының спикері, заңгер А.И. Сүлейменованың, сондай-ақ аталған департаменттің түсіндіру пулының спикері, «Аналар кеңесі» және «Respublica» партиясы жанындағы Әйелдер қанатының мүшесі, қоғам қайраткері Ж.К. Камалидің қатысуымен семинар-кеңес өткізілді.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Қайсар Хайранұлы Ақбаровтың қатысуымен семинар-кеңес ұйымдастырылды.

Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» Заңының талаптарын түсіндіру мақсатында Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілі, майор Ж.А. Мамалиновтың қатысуымен де семинар-кеңес өткізілді.

Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың қызметтік міндеттерін орындау барысында кәсіпкерлік субъектілерімен тікелей байланыста болуы ескеріліп, жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің мониторингі нәтижесінде жоғары тәуекел аймағына жататын өсімдіктер карантині және фитосанитариялық бақылау бекеттерінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 100 % электрондық форматқа көшірілді. Сонымен қатар қызмет алушылардың өтініштерін қарау кезінде «бір терезе» қағидаты енгізілді.

Облыстық аумақтық инспекциясы басшысының бұйрығымен құрылған жұмыс тобының және «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облыстық филиалы басшысының орынбасары С.С. Сүлейменованың қатысуымен облыстық, қалалық және аудандық аумақтық инспекциялардың қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілді. Талдау қорытындылары бойынша тәуекелдерді төмендетуге бағытталған нақты ұсыныстар тиісті мемлекеттік органға жолданды.

Облыстық, қалалық және аудандық аумақтық инспекциялардың сенім телефондары туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында ай сайын жарияланып келеді.

Барлық аумақтық инспекциялардың ғимараттарында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы мәліметтер, жоғары тұрған мемлекеттік органдардың байланыс деректері мен сенім телефондары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан жұмыстар жөніндегі ақпараттық стендтер орналастырылған. Сонымен қатар азаматтардың өтініштері мен арыздарына арналған арнайы жәшіктер орнатылған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі барлық іс-шаралар (жылдық жоспарлар, бұйрықтар, хаттар, хаттамалар және басқа да құжаттар) тұрақты бақылауға алынып, олардың орындалуына мониторинг жүргізілуде.

Облыстық, қалалық және аудандық аумақтық инспекцияларда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәдениеті мен әдеп нормаларын сақтау деңгейін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.

2026 жылдың I жартыжылдығының қорытындысы бойынша облыстық, қалалық және аудандық аумақтық инспекциялардың әкімшілік мемлекеттік қызметшілері арасында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары мен қылмыстық құқық бұзушылықтар тіркелген жоқ.