Бүгін біз алға тартып отырған мәселеміз қоғам дертінің бірі – ойынқұмарлық. Жалпыға түсінікті тілмен айтқанда казино, онлайн казино, компьютерлік ойындар, лотерея және т.б.
Алғаш рет Европадан бастау алған бұл ойынды мыңдап емес, миллиондаған адамзат ойнайды. Бірінің баласы, енді бірінің жан жары осы кеселдің жетегіне еріп кеткен. Ащы да болса айтайық, айрандай ұйып отырған отбасының шаңырағын шайқалтып, некелерін бұзуда.
Енді бүгін сіздермен осы кеселге адамдар неліктен тәуелділікке ұшырайды және одан арылу жолдарын қарастыратын боламыз.
Лудомания, немесе ойынқұмарлық, гэмблинг (лат.тілінен Homo ludens – ойнаушы адам) – «субъекттің өмірінде басым рөл ойнайтын, әлеуметтік, кәсіби, материалдық және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкелетін патологиялық ойынқұмарлық». Аурулардың халықаралық классификациясы бойынша лудомания аурулар тізіміне енгізілді.
Олардың адамды қызықтыратын бір тұсы бар. Бұл ақшаға, түрлі жиһаз, малға деген құштарлық. Қарапайым түрде бай болудың “оңай” жолы. Қазақстанда орта есеппен 350 мың адам құмар ойынның құрбанына айналса, орташа қарызы 10 млн теңгеден асады. Басқа салада үлкен прогресс жасамағанымен еліміздегі осындай бизнес біршама деңгейге жетті.
Бірі білсе, екіншісі білмейді. Алайда, осы жолда адасқан адамдар тек ақшадан емес, өмірінен айырылады. Елімізде ажырасқан 10 жұптың әр 7 жұбы осы ойындардың әсерінен бір-бірінен ажырасқан. Құмар ойындардан шыға алмайтын адамдар “лудомания” ауруына шалдығады.
Не себепті адамдар тәуелділікке ұшырайды?
Бірінші және ең көп таралған мәселе:отбасыдағы мәселе. Ол тікелей жүріп, тұруымызға, дұрыс өмір салтын жүргізуімізге әсерін тигізеді. Егер де үй ішінде тыныштық орнамаса, іштегі ызаны басып тастау үшін ойындарға көңіл бөліп, уақыт өткізетін болады.
Екінші, әрі бірінші мәселеден туындайтын қиыншылық: қаржылық, моральді қиындықтар. Еліміздегі қаржылық сауаттылықтың төмендігінен халықтың көп бөлігі әлі күнге дейін тәуекелге баруға дайын.
Үшінші мәселе: қанағатсыздық. Яғни, өмірден түңілу, бар дүниені бағалай алмау. Қазіргі заманда ақша табудың сенімді, әрі көп капиталды қажет етпейтін түрлері көп. Алайда, оны білмеген қауым әлі күнге дейін дұрыс емес ортада жүр.
Лудоманияға шалдыққан адамдарға қалай көмек бере аламыз?
Еліміздегі әр адам тыныш, уайымсыз өмір сүруге лайықты. Сондықтан, қиын тағдырға тап болғандарға көмектесу маңызды.
Республикадағы жағдайды өзгерту үшін салмақты түрде профилактика жүргізбен жөн. Бұл алдын-алу шараларының бірі болып табылады. Лудоманияға шалдыққан адамдардың ең әлсіз жері — ойлау қабілетінен айырылғаны. Сәйкесінше, психологтармен жұмыс көмегін көрсете алады.
Ақша бірде бар, бірде жоқ. Ол жоқ кезде адамның ең үлкен көмекшісі-оның білімі. Ойынға емес, оқуға уақыт бөліңіздер!
Қоғам ұзақ жылдар бойы маскүнемдікпен күресті, одан кейінгі уақытта оны нашақорлық ауыстырды. Қоғам дамып, өзгерген сайын оның алдында тұрған мәселелер де жаңа үлгі, жаңа мазмұнға ие болып отырады. Қазіргі кезде лексикамызға құмар ойын, одан тәуелділік деген сияқты тіркестер еніп отыр.
Құмар ойындардың өркениет етек жайған кезден бастап пайда болғаны ешкімге де құпия емес. Құмарлықты ауытқушылыққа жатқызуға болмас. Шығыста да, Батыста да құмар ойыннан қанағат алуға тырысқан, оған үкімет те, діндарлар да, тіпті, басқа тыйымдар мен ырымдар да тоқтау бола алмаған.
Дегенмен, көңіл көтерейін деген күдіксіз ниеттің ар жағында құмар ойыннан тәуелділік жатуы мүмкін. Ондай ойыншы өз тағдырына өзі қожа бола алмайды. Оның бүкіл өмірі ойынға айналады, бұны енді адам психологиясындағы ауытқушылық деп атауға болады.
Ойынға құмарлық тез дамуы мүмкін. Адам бір күн ішінде ойын ауруымен ауырып қалуы, бір аптада бүкіл байлығынан айырылып, одан біраз уақыт өткенде өзіне қол жұмсауы ықтимал.
Ішімдікке құмарлық, нашақорлық пен құмар ойыннан тәуелділік өзара ұқсас. Себебі, ешкім мұндай қырсыққа тап боламын деп ойламайды, оларды ол айналып өтетіндей көрінеді. Бірінші рет ойнаған адам (анаша мен ішімдікті алғаш татып көргендей) одан кереметтей ләззат алады және келешекте тағы да қайта-қайта татып көргісі келіп тұрады.
Екінші мәселе, ойынға құмар адамды анықтау айтарлықтай қиынға түседі, ондай адам ұзақ уақыт көзге жақсы көрінуі (немесе қаржылық мәселе пайда болғанға дейін), ұзақ уақыт отбасына және әріптестеріне еш күдік тудырмауы ықтимал, соған қарамастан, ішімдік құмар және нашақор адамдардікіндей бәрі оның бетінде жазылып тұруы мүмкін.
Бірақ ішімдікке құмарлық пен нашақорлықты емдеудің тәжірибесі мен әдістері, түзету тәсілдері көп болатын болса, ойынқұмарлықтан емдеудің мұндай бай тәжірибесі жоқ. Ойынқұмарлық туралы айтқанда оның өзіне ұқсас түрі компьютерлік тәуелділікті айта кету керек.
Ол мынадай үлгіде көрінеді:
- Интернетте жұмыс істеуге деген шектен тыс құмарлық – дәлірек айтсақ, ақпарат іздеу.
- Ақпарат алмасуға деген қолжетімділіктің шексіздігінен адам өз күшінен тыс қиял әлемін жасап алады. Интернеттен тәуелді болу көбінесе компьютерлік желілерді бірден бір әлеммен байланыс құралы деп есептейтіндер үшін әсіресе қауіпті.
- Бейне ойындардан шектен тыс тәуелділік. Бақылаусыз компьютерлік ойын қызметі ойыннан шектен тыс тәуелділіктің қауіптілігін тудырады.
- Желі бойынша достармен қарым-қатынастың өзіне тартуы. Бұл адамның өзіне барлық шарттарды қанағаттандыратын виртуалды сұхбаттасушыны табуына мүмкіндік туғызады. Бұл жерде танысқан адамымен келешекте қарым-қатынасын үзбеуге ешқандай міндеттеме алмайды.
Ойынқұмарлықтың бірнеше себептері анықталып отыр:
– жалғыздық сезімі. Жалғыздық сезімі ойынға алып келеді, одан алған ләззат сезімі кезекті ойынға жетелеп отырады.
– қанағатсыздық сезім. Бұл сезім адамның өзін ойында көрсетуге мәжбүрлейді Шынайы өмірде өзін мойындата алмаған, өзіне өзіне көңілі толмаған адам, өмірге қарағанда оңай жеңіске жететін ойында көрінгісі келеді. Нәтижесі жақсы болған сайын оған қайта-қайта оралғысы келіп тұрады.
– оңай олжаға кенелу сезімі. Бұл әсіресе ойын автоматтарына, казиноға қатысты. Бір рет жеңіске жетіп, оңай жолмен табылған ақшаға ие болып өз жеңісін ойында қайтадан қайталағысы келеді, бірақ ол ойы әрқашан орындала бермейді.
– әртүрлі сипаттағы тәуелділікке көнгіштік. Ойынқұмарлық басқа да анаша, ішімдік сияқты тәуелділікке бейім адамдарға тән болып келеді.
- психиканың әртүрлі деңгейде және сипатта бұзылуы. Психикасы бұзылып, одан емделген адамдар.
Ойынқұмарлықтың айтарлықтай маңызды мәселе екенін естен шығармаған жөн. Егер өз туыстарыңыз, достарыңыз бойынан осындай қасиетті байқасаңыз бірден шара қолданыңыз. Әйтпесе ойынқұмарлықтың соңы өкінішке әкеп соғуы мүмкін.
Ата-бабамыз «Ойынға ойсыз құмар» бекер айтпаған. Қазақ тарихына үңілсек, лудомания, яғни ойынқұмарлық деген ұғым біздің танымымызда болған емес. Дінімізде де бәс тігуді құптамаған. Отбасының берекесін қашырып, азғындыққа апаратын бұл індеттен әр адам өз құмарлығы мен нәпсісін тыя білгені абзал. Ойынқұмарлыққа салыну өз өміріңді құрдымға жіберу деген сөз. Сондықтан да өз өміріңіз өз қолыңызда екенін біліп жүрейік.
ҚР АШМ АӨК МИК Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының Әдеп жөніндегі уәкілі Марат Кәмелұлы Бейсенов