2026 жылдың І жартыжылдығында Әдеп жөніндегі уәкілдің мемлекеттік қызмет, Әдеп кодексі талаптарын сақтау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарған жұмыстары
Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының Әдеп жөніндегі уәкілінің мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормалары мен мінез-құлық қағидаларын жетілдіруге бағытталған 2026 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес 2026 жылдың І жартыжылдығында келесі іс-шаралар жүзеге асырылды.
Мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнама және Әдеп кодексі талаптарын түсіндіру мақсатында 6 қалалық және аудандық аумақтық инспекцияға іссапар ұйымдастырылды. Іссапар барысында 42 мемлекеттік қызметшімен жеке әңгімелесу өткізіліп, мемлекеттік қызметшілер үшін 5 семинар-кеңес ұйымдастырылды.
Мемлекеттік әкімшілік қызметке қайта қабылданған 2 маманға мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулерді сақтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын орындау, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп стандарттарын сақтау және мүлікті сенімгерлік басқаруға беру мәселелері бойынша түсіндіру және оқыту жұмыстары жүргізілді.
Мемлекеттік қызметшілерді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен уәкілетті орган әзірлеген әдістемелік материалдармен таныстыру мақсатында 4 іс-шара өткізілді. Іс-шаралар барысында іскерлік әдеп пен қызметтік мінез-құлық қағидаларын сақтау, ойын мекемелеріне барудан тартыну, әріптестерге діни көзқарастарын таңбау және бағынысты қызметкерлерді діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға мәжбүрлемеу мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің қоғамдық тәртіп пен имандылыққа қол сұғатын құқық бұзушылықтарға қатысты 434, 439, 440, 441, 443, 444, 446, 449, 450, 482, 490, 608 және 613-баптары бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылуына тұрақты мониторинг жүргізілді. Мониторинг нәтижесінде қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілері анықталған жоқ.
Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны немесе мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін теріс қылық жасағаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылу фактілеріне мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде мұндай құқық бұзушылықтар тіркелген жоқ.
Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебін бұзуға қатысты жарияланымдарға тұрақты мониторинг жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілері анықталған жоқ.
Облыстық аумақтық инспекцияда мемлекеттік қызметшілердің жақын туыстарына тікелей бағынысты лауазымдарды атқаруына және жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) немесе жекжаттарының тікелей бағыныста болуына жол бермеу талаптарының сақталуына талдау жүргізілді. Нәтижесінде заңнама талаптарының бұзылу фактілері анықталған жоқ.
Мемлекеттік қызметшілердің қоғамдық орындарда алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде болуына жол бермеу, сондай-ақ көлік құралдарын алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде басқарудың алдын алу мақсатында облыстық инспекцияның бөлімдері мен қалалық және аудандық аумақтық инспекциялардың қатысуымен 2 профилактикалық кеңес өткізілді.
Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерінің сақталуына қатысты сауалнама жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша әлеуметтік кепілдіктердің толық сақталатыны және осы мәселелер бойынша арыз-шағымдардың жоқ екені анықталды.
Ұжымдағы қарым-қатынас мәдениетінің деңгейін бағалау мақсатында жүргізілген сауалнама нәтижелері қызметкерлер арасындағы өзара сыйластық пен іскерлік қарым-қатынас мәдениетінің жоғары деңгейде екенін көрсетті.
Қызметкерлер арасында жағымды психологиялық ахуал қалыптастыру және ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында Ұлттық спорт күніне орай «Асық ату» және «Үстел теннисі» бойынша жарыстар ұйымдастырылды. Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Біз мемлекеттік символдарымызды қалай білеміз?» атты бейневикторина өткізіліп, «Ел рәміздері – қазақ тарихында» атты деректі фильм көрсетілді. Аталған іс-шаралар ұжым тарапынан жоғары бағаланды.
Мемлекеттік органның оң имиджін қалыптастыруға және ұжымда қолайлы моральдық-психологиялық ахуалды нығайтуға елеулі үлес қосқан 2 қызметкер көтермелеу үшін марапаттауға ұсынылды.
Жалпы, 2026 жылдың І жартыжылдығында Әдеп жөніндегі уәкілдің жұмыс жоспарына сәйкес көзделген іс-шаралар толық көлемде орындалды. Жүргізілген жұмыстар мемлекеттік қызметшілер арасында Әдеп кодексі талаптарын сақтау мәдениетін нығайтуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға және ұжымда қолайлы моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыруға бағытталды.

